Сүт безі обырының алдын алу: «Әділет» партиясы өңірлердегі әйелдерге ақпарат жеткізбек

Қазан айында медициналық ұйымдармен бірлесіп ашық есік күндері, консультациялар өткізіледі

Сүт безі обырының алдын алу: «Әділет» партиясы өңірлердегі әйелдерге ақпарат жеткізбек
Фото: adilet-partiyasy.kz

Қазақстанда сүт безі обырының алдын алу және ауруды ерте анықтау туралы ақпараттандыруға бағытталған «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы басталды. Қазан айында еліміздің өңірлеріндегі емханаларда ашық есік күндері, дәрігерлердің консультациялары мен ақпараттық кездесулер өтеді. Бастамаға Құрылтай депутаттары мен «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты да қолдау білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Науқанның негізгі мақсаты – әйелдерге тексеруден қашан өту, қайда жүгіну керек екенін және алаңдататын белгілер пайда болған жағдайда дәрігерге баруды неге кейінге қалдыруға болмайтынын қарапайым тілмен түсіндіру. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Шолпан Каринова атап өткендей, медициналық ақпарат пен бейінді мамандарға қолжетімділік шектеулі болуы мүмкін ауылдарға және шалғай елді мекендерге ерекше назар аударылады.

«Біздің міндетіміз – бұл ақпаратты тұрғылықты жеріне қарамастан барлық әйелге қолжетімді ету. Қазан айында өңірлердегі емханаларда ашық есік күндері өтеді. Аудан және ауыл тұрғындары тұрғылықты жері бойынша жүгініп, мамандардан кеңес алып, аурудың алдын алу және оны ерте анықтау туралы көбірек ақпарат алады», – деді ол.

Онколог-маммологтар қауымдастығының тең жетекшісі Данара Сүлейменованың айтуынша, Қазақстанда 40-76 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обырына бойынша тегін скринингтен өте алады. Бұл ретте, қандай да бір белгілер пайда болған жағдайда жоспарлы скринингті күтудің қажеті жоқ.

«Егер әйел қандай да бір өзгерісті байқаса немесе белгілер пайда болса, кезекті скринингті күтпей, бірден дәрігерге барғаны жөн. «Әділет» партиясының қолдауымен бастамамыз тұтас республика аумағында қолға алынып, анық ақпарат әрбір шалғай ауылға жетеді», – деді Данара Сүлейменова.

Елордадағы №13 емхана директоры, дәрігер-сарапшы Жанерке Ажетова сүт безі обырына тегін скрининг жүргізу жұмысы медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретінін және МӘМС жүйесінде сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан қолжетімді екенін еске салды. Тексеруден өту үшін өз емханаңызға жүгіну қажет.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, денсаулық сақтау саласында көп жылдық тәжірибесі бар Жұлдыз Данбаева әйелдердің өз денсаулығына деген көзқарасына назар аударды. Оның айтуынша, науқан міндеттерінің бірі – профилактикалық тексерулерді тұрақты әрекетке айналдыру.

Айлық аясында әйелдердің медициналық көмекке жүгінгеннен кейін қандай қиындықтарға тап болатынын – кезек пен мамандарға жазылудан бастап, ауруға қатысты қандай да бір күдікті жағдай анықталғаннан кейінгі медициналық әрекетке дейін зерделеу жүргізу жоспарланып отыр.

«Жағдайға пациенттің өзі қалай қарайтынын ескеру маңызды: ол қабылдауды қанша уақыт күтеді, қажетті маманға қаншалықты жылдам бара алады және ауруға күдік анықталғаннан кейін не болады? Бұл жұмыс өңірлердегі проблемалық тұстарды анықтауға және қандай шешімдер қажет екенін айқындауға көмектесуге тиіс», – деді Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Арман Жансеңгіров.

Қазан айында медициналық ұйымдармен бірлесіп ашық есік күндері, консультациялар және қолданыстағы медициналық қағидаларға сәйкес көрсетілімдер бойынша тексерулер өткізіледі. Сондай-ақ дәрігерлермен кездесулер, дәрістер, подкасттар, жүгіру мен серуендер ұйымдастырылады.

Аурудың алдын алуға және ерте диагностикалауға қатысты ақпаратты барынша көп адамға жеткізу мақсатында науқан еліміздің барлық өңіріндегі қоғамдық кеңістіктерде де кеңінен ұйымдастырылады. Айлықтың нышаны 121 қоғамдық ғимарат пен сауда нысанына, 218 LED-экран мен билбордқа, сондай-ақ 250 бірлік қоғамдық көлікке орналастырылады. Науқанды қолдау мақсатында бірқатар нысан қызғылт түспен жарықтандырылады. Олардың қатарында Астанадағы «Хан Шатыр» СОСО-сы да бар.

Айлықтың нышаны – қызғылт лента. Науқанның негізгі міндеті – әйелдердің сүт безі обырының алдын алу, ауруды ерте диагностикалау және медициналық көмекке уақтылы жүгіну туралы хабардар болуын арттыру.