Президент: Жасанды интеллект адамзатқа пайда да, зиян да әкелуі мүмкін
Мемлекет басшысы AI & Digital Bridge форумында технологиялық қауіпсіздік, халықаралық ынтымақтастық және жастардың жасанды интеллектіні меңгеруі туралы айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәдениетін ілгерілетудің маңызы зор екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Жасанды интеллект – жаһандық құбылыс. Ешбір мемлекет оның әлеуетін жалғыз өзі толық пайдалана алмайды. Бізге халықаралық деңгейдегі білім алмасу, бірлескен зерттеулер, инвестициялар қажет. Технологиялық ынтымақтастық пен кадрлық әлеуетті дамытқан жөн. Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды. Технология адамға қызмет етіп, өркениеттің катализаторы болуы керек. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз. Жасанды интеллект жікке бөлмеуі қажет. Технологиялық кедергілер елдердің арасын алшақтатып, дамуымызды баяулатады. Сондықтан бүгінде ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың қалыптасқан арналарын сақтау өте өзекті. Халықаралық ықпалдастыққа қатысты көзқарасымыз ұлттық мүдделерді құрметтеу және технологияны бейбіт мақсатта қолдану қағидасына негізделеді», – деді Мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллектінің мүмкіндігі молая түскен сайын, оның қаупі де артады деп пайымдайды.
«Киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік – мұның бәрі кезек күттірмей қаралуға тиіс мәселелер. Шын мәнінде, жасанды интеллектіні қазіргі заманның мықты құралы, тіпті, қаруы деп те айтуға болады. Сондықтан оның әлемдік дамуға пайда немесе зиян әкелуі ең алдымен адамзатқа тікелей байланысты болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ жасанды интеллект жастарға сапалы білім алып, жан-жақты даму үшін мол мүмкіндік беріп отырғанына тоқталды.
«Жастарымыз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жасанды интеллектіні еркін меңгерген, әр нәрсеге сын көзбен қарайтын білімді тұлға болып қалыптасқаны маңызды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөз соңында Қазақстан жаңа технологиялық экономиканың берік негізін қалағанын айтты.
«Цифрландыру және жасанды интеллект жылының басты мақсаты – қол жеткізілген табыстарды әр азаматтың игілігіне айналдыру. Жаңа технологиялық дәуірде еліміздің лайықты орын алуына қажетті алғышарттар бар. Табысымыз терең білімге, батыл шешімдерге, прагматикалық тәсілдер мен жауапты іс-әрекетке байланысты болмақ. AI & Digital Bridge таланттар мен идеяларды біріктіріп, халықаралық ынтымақтастықты тереңдете түсетініне, өршіл жобаларды қолға алуға ықпал ететініне сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Технологиялық форумның пленарлық отырысында General Atlantic төрағасы және бас директоры Уильям Форд, NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян, Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, OneWeb, E-Space негізін қалаушы Грег Уайлер сөз сөйледі.