Шымкентте 70 жастан асқан тұрғындар қоғамдық көлікте тегін жүреді
Халықаралық қарттар күніне орай Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков аға буын өкілдерінің шаңырақтарына барып, мерекемен құттықтады. Қала әкімі Рахматулла Мәуленов, Өркен Әбдіреев, Шәки Күлмажитов және Сәбит Рүстемовтің үйлеріне арнайы барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында қариялар өздерінің естеліктері жайлы сыр бөлісіп, еңбек жолдары мен отбасылық дәстүрлері туралы әңгімелеп берді. Қала әкімі ардагерлердің көп жылғы еңбегі мен Шымкенттің дамуына қосқан үлесіне алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады, сондай-ақ, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен бақ-береке және жан тыныштығын тіледі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Шымкентте 105 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың өмір сүру сапасын арттыруға, денсаулығын нығайтуға және белсенді өмір салтын ұстануына бағытталған түрлі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Сонымен қатар, қарт адамдардың бос уақытын тиімді өткізуіне және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін бастамалар жүзеге асырылып келеді.
Халықаралық қарттар күніне орай Шымкентте жасы 70-тен асқан 29 841 тұрғынға 3 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек көрсетілді. Сондай-ақ, 80 жастан асқан жалғызбасты 101 қарияға ай сайын 2 АЕК көлемінде әлеуметтік төлем беріледі.
Биыл санаторий-курорттық жолдамамен 8 735 адамды қамту жоспарланып, соның ішінде 5 090 адам қамтамасыз етілді. «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының төрт бөлімшесінде күн сайын 800-ден астам зейнеткер түрлі іс-шараларға қатысады. Олар үшін спорттық, шығармашылық және сауықтыру бағытындағы сабақтар ұйымдастырылған.
70 жастан асқан тұрғындар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Сонымен қатар қарияларға театрларға, музейлерге, хайуанаттар бағына және дендросаябаққа тегін бару қарастырылған.