Баспана қымбаттап, оған халықтың табысы ілесе алмай тұр: депутат қоғамдағы түйткілді мәселені көтерді

Автор: Асыл Арман

Депутат тұрғын үй саясатын қайта қарауды ұсынды

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда тұрғын үйдің қолжетімділігін тек салынған үй көлемі мен берілген ипотека саны арқылы бағалау жеткіліксіз. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедов осы мәселені көтеріп, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, «Әділет» партиясының бағдарламасында 2031 жылға қарай қазақстандықтардың сапалы әрі қауіпсіз тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейін бір адамға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу көзделген. Бұл мақсатқа ипотеканы қолжетімді ету, тұрғын үйді сатып алу құқығымен жалға беру, үлескерлердің құқықтарын қорғау және тозығы жеткен үйлерді жаңарту арқылы қол жеткізу көзделген.

Алайда бұл мақсат орындалуы үшін әр отбасының үй сатып алуға немесе жалға алуға нақты мүмкіндігі болуы керек.

«Бүгінде тұрғын үй саясатының нәтижесі негізінен құрылыс көлемі, пайдалануға берілген шаршы метр саны және берілген ипотекалық қарыздар саны бойынша бағаланады. Алайда бұл көрсеткіштердің өсуі тұрғын үйдің қолжетімділігі артты дегенді білдірмейді. Мәселен, 2026 жылғы тамызда тұрғын үйді жалға алу құны жылдық мәнде 17,1%-ға қымбаттады. Ал бірінші тоқсанда халықтың жан басына шаққандағы нақты табысы небәрі 0,1%-ға өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша медианалық жалақы 317 мың теңгені, ал ең көп таралған жалақы 116 мың теңгені құрады. Сондықтан орташа жалақыға жасалған есептеулер қазақстандықтардың типтік отбасының нақты мүмкіндіктері туралы шынайы жағдайдан жоғары түсінік қалыптастыруы мүмкін. Халықаралық тәжірибе тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалаудың неғұрлым нақты тәсілдерін ұсынады. Мысалы, Ұлыбританияда тұрғын үйдің медианалық бағасы мен медианалық табыс салыстырылады. Еуропа Одағының елдерінде тұрғын үйге жұмсалатын шығындары қолда бар табысының 40%-ынан асатын азаматтардың үлесі есептеледі. Канадада тұрғын үйдің құны, сапасы және алаңының жеткіліктілігі қатар бағаланады. АҚШ-та табысының 30%-дан және 50%-дан астамын тұрғын үйге жұмсайтын отбасылар бөлек есепке алынады. Сингапур мен Ирландияда ипотекалық және борыштық жүктеме қарыз алушының табысына қатысты шектеледі», – дейді депутат.

Құрылтай депутатының сөзіне сүйенсек, тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалаудың өңірлік көрсеткіштерінің ресми жүйесін енгізу орынды деп санаймыз. Есептеулердің негізіне үй шаруашылығының медианалық табысын алу қажет. Тұрғын үйдің құны нақты мәмілелер, нарықтағы кредиттеу талаптары және тұруға кететін жалпы шығындар негізінде айқындалуға тиіс. Оның айтуынша, әдістеме мынадай көрсеткіштерге негізделуі керек:

  1. Қолжетімділік коэффициенті: стандартты тұрғын үйдің нарықтық құнының отбасының медианалық жылдық табысына арақатынасы.
  2. Жүктеме көрсеткіші: қолда бар табыстың ипотекалық төлемге, жалдау ақысына және коммуналдық шығындарға жұмсалатын үлесі.
  3. Жинақтау кезеңі: отбасының бастапқы жарнаны жинауы үшін қажетті нормативтік мерзім.
  4. Біліктілік кедергісі: банктердің талаптары мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының критерийлеріне нақты сәйкес келетін отбасылардың үлесі.
  5. Отбасы бюджетіне түсетін жүктеме: табысының 30%-дан, 40%-дан және 50%-дан астамын тұрғын үйге жұмсайтын үй шаруашылықтарының үлесі.

«Ақпаратты өңірлер, елді мекендердің түрлері және отбасылардың санаттары бойынша егжей-тегжейлі көрсету қажет. Бұл көрсеткіштер жеңілдетілген ипотеканы, сатып алу құқығымен жалға беруді, тұрғын үй сертификаттарын және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу кезінде қолданылуға тиіс. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесі тек берілген кредиттер санының артуы емес, отбасы бюджетіне түсетін нақты жүктеменің азаюы болуы керек», – дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Осыған байланысты азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің ғылыми негізделген әрі әділ тәсілдерін енгізу мақсатында Үкіметке бірқатар ұсынысын жеткізді:

  1. Тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалаудың өңірлік көрсеткіштері жүйесінің бірыңғай әдістемесін бекітудің орындылығын бағалап, үш ай ішінде барлық өңір бойынша 2024-2026 жылдарға арналған пилоттық есептеулерді ұсыну;
  2. 2027 жылдан бастап көрсеткіштерді тоқсан сайын жариялайтын, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығына есептеу алгоритмдерін ашатын ашық цифрлық панельді іске қосу мүмкіндігін қарастыру;
  3. Жеңілдетілген ипотеканың, сатып алу құқығымен жалға берудің және тұрғын үй сертификаттарын берудің шарттарын әрбір нақты өңірдегі тұрғын үйдің қолжетімділік деңгейімен міндетті түрде байланыстыру мүмкіндігін зерделеу;
  4. Қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларының тиімділігін бағалап, олардың отбасылардың баспана сатып алуға жұмсайтын нақты шығынын қаншалықты азайтқанын анықтау.