Қылмыстық іс сотқа жолданды
Қызылорда облысында мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаны іске асыруға бөлінген жүздген миллион теңгенің жымқырылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2021 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның бастауымен «Сыздық Ата» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған.
Жобаның жалпы құны 311 млн теңгені құрады. Жоба мал шаруашылығын дамытуға және Жаңақорған ауданының тұрғындарын арзан бағада сапалы етпен қамтамасыз етуге бағытталған.
«Жоба аясында корпорация серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге салған. Бұл қаражат 1 600 бас қой, 130 бас ірі қара мал және етті қаптауға арналған жабдық сатып алуға бағытталған. Тергеу деректеріне сәйкес, мал сатып алынғаннан кейін ЖШС басшысы қаражаттың бір бөлігін шығару схемасын ұйымдастырған. Нәтижесінде жалпы сомасы 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» ЖК шоттарына заңсыз аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Күдікті қамауға алынды», – делінген агенттік хабарламасында.
Сот санкциясымен оған тиесілі екі автокөлікке тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды.