Заң жобасын Құрылтай мақұлдады
Қазақстан мен Қатар қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Құрылтай екі оқылымда заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Келісімге 2024 жылғы 29 қазанда Доха қаласында Қазақстан мен Қатардың ішкі істер министрлері қол қойған. Құжат екі елдің құзыретті органдары арасында өзара іс-қимылды ұйымдастыруға және құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.
«Келісім аясында тараптар ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, есірткінің заңсыз айналымына, киберқылмысқа, заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы күресте бірлесіп жұмыс істемек. Сондай-ақ жедел ақпарат алмасу және құқық қорғау саласындағы озық тәжірибемен бөлісу қарастырылған», - деді ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Құжатта тараптардың ұлттық заңнамасы мен мемлекеттік мүдделерін қорғауға бағытталған шектеулер де белгіленген. Мәселен, сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін болса, сондай-ақ ол ұлттық заңнамаға қайшы келсе, құқықтық көмек көрсетуден бас тартуға мүмкіндік беріледі.
Санжар Әділовтің айтуынша, Қазақстан бұған дейін әлемнің 23 мемлекетімен қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы осындай келісімдер жасаған. Олардың қатарында Франция, Италия, Қытай, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері бар.
Әділов бұл келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қатардың құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты жүйелеуге және халықаралық талаптарды ескере отырып, тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.