Бектенов 2027 жылғы егін егу маусымына дайындықты қазірден бастауды тапсырды

Автор: Махан Миражан

«Бәйтерек» холдингі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырады 

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда 2027 жылғы ауыл шаруашылығы маусымын табысты өткізу үшін қажетті жұмыстарды қазірден бастау керек. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында ауыл шаруашылығын ерте қаржыландыруға және келесі егіс науқанына дайындыққа басымдық беруді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Үкімет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығын ерте қаржыландыру тәжірибесі оның егіншілерді тиімді қолдау құралы екенін көрсетті. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс.

«Қазірден бастап 2027 жылғы ауыл шаруашылығы маусымын табысты өткізуге, оның ішінде оны қаржыландыруға тиісті негіз қалыптастыру қажет. Ауыл шаруашылығын ерте қаржыландыру тәжірибесі егіншілерді тиімді қолдау құралы екенін көрсетті. «Бәйтерек» холдингі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз етсін», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр келесі егіс науқанына қажетті көлемде сапалы тұқым қорын қалыптастыруға да ерекше назар аударуды тапсырды. Облыс әкімдіктері минералдық тыңайтқыштарды енгізу, элиталық тұқымдардың үлесін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша белгіленген көрсеткіштерді қамтамасыз етуі керек.

Бұдан бөлек, Жамбыл және Жетісу облыстарында қант қызылшасын қабылдау жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру тапсырылды. Өңір әкімдіктері қант зауыттарының өнімді қабылдауға және өңдеуге толық дайын болуын, сондай-ақ қабылдау пункттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі тиіс.

«Ұзын-сонар кезек пен жиналған өнімнің бүлінуіне жол бермеу өте маңызды», – деді Үкімет басшысы.

Ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, егін орағы аяқталғанға дейін ахуалға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жиналған өнімнің сақталуын және туындайтын мәселелердің Үкімет жанындағы Жедел штаб аясында дереу шешілуін қамтамасыз ету қажет.