Бүгін үкімет егін ору және келесі жылы егін егу науқанын талқылады
Қазақстанда қазан және қараша айларында күн жылы болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, қазан айында еліміздің басым бөлігінде әлдеқайда жылы, ал Шығыс Қазақстан, Павлодар облысының солтүстік-шығыс бөлігі және Абай облысында қалыпты болады.
«Ауа райы болжамына сәйкес, қазан айында республиканың басым бөлігінде айлық ауа температурасы нормадан 1–2 градус жылы болады. Қараша айы да жылы болады деп күтіледі, республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1–2 градус жылы болады», – деді Әлібек Қуантыров.
Оның айтуынша, қазанда жауын-шашын мөлшері еліміздің басым бөлігінде нормаға жуық болады. Ал Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында, Ақтөбе облысының солтүстігі мен Қостанай облысының солтүстік-батысында жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін.
Керісінше, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің жазық бөлігінде, орталық облыстардың оңтүстігінде және Абай облысының оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болады деп болжанып отыр.
Министрдің сөзінше, қараша айында жауын-шашын нормаға сай болады. Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстік бөліктерінде жауын-шашын көп жауады.