Ақтөбеде жас жігіт мопедке мініп, полициядан қашқан: ол қамауға алынып, 1 млн теңге айыппұл арқалады (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Полициядан қашамын деп 10-нан аса жол ережесін бұзған

Фото: Azattyq Rýhy

Ақтөбеде жүргізуші куәлігі жоқ скутер жүргізушісі полициядан қашып, 10-нан астам жол қозғалысы ережесін бұзған. Оқиға 26 қыркүйек күні болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, бағдаршамның қызыл белгісінен өтіп, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.

«Аталған факті бойынша әкімшілік іс материалдары сотқа жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушыға 8 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалып, 1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Полиция қызметкерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын елемеу – жауапкершіліктен құтылудың жолы емес. Керісінше, мұндай әрекет жолдағы жағдайды ушықтырып, адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді», – делінген ПД хабарламасында.

Ақтөбе облысының полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға шақырады.