«Санаулы күндер қалды»: Бектенов әкімдерге алғашқы суыққа дайын отыруды тапсырды

Автор: Махан Миражан

Бүгін Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық барысы қаралды 

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Үкімет басшысы жылу алдымен әлеуметтік нысандарға берілуі керек екенін атап өтті.

«Жекелеген облыстарда жылу беру маусымының санаулы күндері қалды. Әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға, балабақшалар мен мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу берілуге тиіс. Жылыту маусымын уақытылы, белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау қажет», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр нысандардың дайындық паспорттарын алу үшін қажетті құжаттарды тапсыру мерзімі аяқталуға жақын екенін ескертті. Оның айтуынша, құжаттарды тапсырудың соңғы күні – ертең.

«Әкімдер бұл мәселені жеке бақылауға алуы керек. Үйлестіру жұмыстары Нұрлыбек Нәлібаевта», – деді Үкімет басшысы.