23 дроп-шот арқылы 415 млн теңге: Қарағандыда бір топ адам интернет-казино «табысын» қолма-қол ақшаға айналдырған

Автор: Асыл Арман

Топ мүшелерінің бірі барлық жұмысты үйлестіріп, казино өкілдерімен байланыс орнатқан

Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Қарағанды облысында «Vavada» интернет-казино ойыншыларының ақшасын қабылдап, қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2026 жылғы қаңтарда осы схеманы ұйымдастырушылар интернет-казино өкілдерімен Қазақстан аумағында ақша қабылдап, оны шетел асыру жөнінде келісімге келген.

Одан кейін топ мүшелерінің бірі барлық жұмысты үйлестіріп, казино өкілдерімен байланыс орнатқан. Екіншісі дропперлерді іздеп, олардың банк шоттарын пайдалануды ұйымдастырған және ақша аударымдарын жүргізетін операторларды таңдаған.

Қарағандыда жалға алынған кеңседе операторлар тәулік бойы ауысыммен жұмыс істеген.

«Схемаға барлығы 23 дроп-шот тартылып, олар арқылы 415 млн теңгеден астам сомаға операция жүргізілген. Екі күдіктіге бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ белгіленді. Соттың санкциясымен олардың мүлкіне, соның ішінде жеке тұрғын үйіне, екі жер теліміне және Mercedes-Benz автокөлігіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.