Астанада аялдамаға зақым келтірген жасөспірім жауапқа тартылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Кәмелетке толмаған жасөспірім аялдама павильонының әйнегін теуіп сындырған

Фото: ІІМ

Астана қаласы Бөгенбай батыр даңғылы бойында вандализм фактісі тіркелді. Кәмелетке толмаған жасөспірім аялдама павильонының әйнегін теуіп сындырып, оқиға орнынан бой тасалаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылып, профилактикалық есепке алынды.

Сондай-ақ оның мінез-құлқы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырысында жеке қаралып, тиісті шаралар белгіленетін болады.

Баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жасөспірімнің ата-анасы да әкімшілік жауапқа тартылды. Қалалық мүлікке келтірілген материалдық залал заңды өкілдерінен толық көлемде өндіріледі.

Полиция департаменті қала мүлкіне қасақана зиян келтірудің әрбір дерегі бойынша заң аясында қатаң шаралар қабылданатынын ескертеді.