Әлеуметтік желіде теңіз жағасында отырған әйел бейнеленген видео кеңінен тарады
Әлеуметтік желіде теңіз жағасында отырған әйел бейнеленген видео кеңінен тарады. Желі қолданушылары оны Каспийдегі қайғылы оқиғамен байланыстырып, кадрдағы әйелді қаза тапқан сарбаздардың бірінің анасы деп жазған. Видео кейбір БАҚ-та да осы сипатта жарияланды. Алайда роликтің Қазақстанға қатысы жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy nofake.kz-ке сілтеме жасап.
Видеоның түпнұсқа авторы оның қайда және қашан түсірілгенін жазған. Автордың айтуынша, кадрлар Марокконың Танжер қаласында түсірілген.
«Сәлеметсіз бе. Иә, кеше видеоны сынақ ретінде жариялап, ұйықтап қалған едім. Таңертең қарасам, пікірлер мен репосттар өте көп екен. Видео Мароккода, Танжер қаласында түсірілді. Кадрдағы әйел — Алжирден келген қыз. Видеомның Қазақстан аудиториясына қалай тарап кеткенін өзім де білмеймін. Қазақстандағы жаңалықтардан хабарсыз едім, ол жақта ешқашан болған емеспін. Сарбаздарыңызға қатысты жағдайға қатты қайғырып отырмын. Көңіл айтамын», — деп жауап берді видео авторы.
Қайғылы оқиғалар кезінде эмоциялық видеолар мен ескі немесе басқа елдерде түсірілген кадрлар контекстен жұлынып, тез тарауы мүмкін.