ҚР президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен өңір басшылығында жаңа кадрлық тағайындаулар жүзеге асырылды
Қазақстан Республикасы президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен өңір басшылығында жаңа кадрлық тағайындаулар жүзеге асырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына Ербол Ізбергенов, ал облыс әкімінің орынбасары қызметіне Бекбол Орынбасаров тағайындалды.
Ербол Күреңтайұлы Ізбергенов 1973 жылы Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Құрық ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1991 жылы құрылыс-монтаж учаскесінің тас қалаушысы қызметінен бастаған.
Кейіннен Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының басшысы, сондай-ақ ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде басқарма басшысы лауазымдарын атқарды. Бұдан бөлек, 2020–2023 жылдары Ақтау қаласының әкімі болса, 2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап жаңа тағайындауға дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Бекбол Тілеумұратұлы Орынбасаров 1971 жылы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында туған. Еңбек жолын 1993 жылы кеден бекетінің инспекторы болып бастаған.
Одан кейін Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде басқарма басшысы, сондай-ақ «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ басқарма төрағасы және Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары сияқты жауапты лауазымдарды атқарған. Бұдан бөлек, 2023–2026 жылдары ҚР Парламенті Сенатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты, Қаржы және бюджет жөніндегі тұрақты комитеттің мүшесі болды.