Тойдағы қауым ауылдық округ әкімінің ескертуін елемеген
Ауыл шіркеуінде үйлену тойын өткізген Петропавл тұрғындары ұсталды. Той иелері облыс орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Архангельское елді мекеніндегі ғибадат үйін жалға алып, мейман шақырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын болып жатқанын естіген ауылдық округ әкімі салтанат иелеріне ескерту жасаған. Оны елемеген тойшыл қауым заңсыз басқосуды жалғастыра берген. Олардың әрекетіне карантин талаптарының сақталуын қадағалайтын мониторингтік топ пен полиция араласқанда ғана той тарқаған.
«Жергілікті шіркеудің дін қызметкері мен жас жұбайлардың ата-анасына қатысты «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бабы бойынша әкімшілік материалдар жиналды. Шешім қабылдау үшін материалдар Қызылжар аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздігі бөліміне жіберілді», - дейді учаскелік полиция инспекторы Ерлан Башенов.
Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Жәнібек Мұхамадиевтің айтуынша, бұл ауданда тіркелген төртінші ірі оқиға.
«Ауданда карантиндік іс-шаралар кезінде құрылған мониторингтік топ белсенді қызмет атқаруда. Оның құрамына прокуратура, әкімдік, полиция қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық мамандар кіреді. Аудан тұрғындарымен бірлесе отырып, түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Соған қарамастан адамдар мұндай мерекелер коронавирустық инфекцияның таралуына ықпал ететінін қаперіне алмайды», - деді полиция майоры.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО