«Сен жүзе алмайсың ғой...»: Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жүректі қан жылатар сәттерді көрсетті (ВИДЕО)

Автор: Махан Миражан

Threads желісінде марқұмдардың жақындары мен достары олардың өмірі, әскери қызметі және отбасы туралы жазып жатыр

Фото: Threads желісінен

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізіне суға кеткен сарбаздардың жақындары әлеуметтік желіде олардың суреттерін жариялап, жүректі қақ айыратын сәттерін көрсетті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында 17 әскери қызметші суға кеткен. Үш сарбаз аман қалды, ал 14 әскери қызметшінің мүрдесі Каспий теңізінің түбіне кеткен. 

Threads желісінде марқұмдардың жақындары мен достары олардың өмірі, әскери қызметі және отбасы туралы жазып, көңіл айтып жатыр.

Олжас Мұхтарұлы, аға лейтенант. 2003 жылы 9 қаңтарда туған, «өзінен кіші сарбаздарды құтқаруға тырысып, қаза тапты...»

Оның досы әлеуметтік желідегі жазбасында Олжастың жас сарбаздарға үнемі қамқор болып, оларды қолдағанын жазған. Оның айтуынша, аға лейтенант өзінен кіші сарбаздарды құтқаруға тырысып, қаза тапқан.

«Ізінен ерген сарбаздарға нағыз үлгі боларлық азамат. Шет елде 5 жыл оқып, енді ғана жұмысқа орналасқан еді. Әскердегі жас сарбаздарға үнемі жанашыр болып жүретін. Өзінен кіші сарбаздарды құтқарамын деп ерлікпен қаза тапты», - деп жазды оның досы.

Олжастың қарындасы әлеуметтік желідегі жазбасында ағасы оншақты күннен кейін, дәлірек айтқанда, 3 қазан күні қызметін аяқтап, үйге оралуы тиіс болғанын хабарлаған. Марқұм қызметі аяқталған соң үйленгелі жүрген.

Азамат Мәдіхан – 2007 жылы 10 маусымда туған. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тумасы.

Азамат та әскери қызметін аяқтап, 3 қазанда үйіне оралуы керек болған. Туыстары оның елге оралуына орай үлкен той ұйымдастыруды жоспарлаған.

«Азамат бауырым, сен мықты, оңай сынатын жігіт емес едің. Алланың жазғанына шара бар ма? Ер жетіп, қызығын көрер шағында «Отан алдындағы борышымды өтеймін» деп азаматтық парызын өтеуге жібересің. Сап-сау кеткен балаңды аман-есен оралады деп күтесің. Бірақ есіктен өз аяғымен келудің орнына табытпен оралуы ана жүрегіне, жақындарына түсетін ең ауыр қасірет. Жүрегіміздесің бауырым. Үйге қайтуға аз қалды, жақында саған барамын деп жүруші едің. Адамға жақсылығың болмаса, жамандық пен арамдығың жоқ еді. Балажан еді», - деп жазды марқұмның жақыны.

Осы сөзінің дәлелі болар, жақыны Азаматтың кішкентай сәбиді көтеріп, ойнатып жүрген видеосын жариялаған. 

Мейрамбек Бердіханов – 2006 жылы 21 наурызда туған.

Жақындарының жазуынша, ол бала кезінен спортқа жақын болған. Достары оның дзюдомен кәсіби түрде айналысқанын жазған. Оның туыстары әлеуметтік желіде Мейрамбектің жаназасы ертең, 26 қыркүйекте Жаңаөзен қаласында өтетінін хабарлады.

Сержан Аяпберген – 2006 жылы 18 ақпанда туған. Маңғыстау облысының тумасы.

Марқұм Маңғыстаудағы «Жас Батыр» спорт мектебінде жаттыққан. Самбо және дзюдомен айналысып, Қазақстан чемпионатында жүлделі орындар иеленген. 

Ақжайық Гилаж – 2006 жылы 15 қыркүйекте туған. Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Қараоба ауылының тумасы. 

Оның қазасына байланысты аудан әкімдігі көңіл айту жариялады.

«Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу жолында өмірін қиған Ақжайықтың мезгілсіз қазасы туған-туыстары мен жақындарына, ел-жұртына орны толмас қайғы әкелді», - делінген хабарламада.

Ақжайықтың денесі 25 қыркүйекте Оралға жетті. Ол туған жерінде жерленеді. 

Өмірбек Өмірзақ – 2007 жылы 23 сәуірде туған. Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылының тумасы.

Марқұм Өмірбек Ауған соғысының ардагері Өмірзақ Ажғұловтың немересі. Өмірбектің мәйіті де 25 қыркүйекте Оралға жеттті. Оны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 26 қыркүйекке жоспарланған.

Әсет Жаңабай – 2006 жылы 19 қыркүйекте туған.

Әлеуметтік желі қолданушысы Перизат Жанатай Әсет пен оның күйеуі жақсы таныс болғанын жазған. Оның айтуынша, Әсет қайғылы жағдайдан бірнеше күн бұрын туған күнін атап өткен.

«Қайғылы жағдайға дейін 5 күн бұрын Әсеттің туған күні болды. Ол демалыс алып күйеуімнің жұмысына келген. Сол кезде ол күйеуіме теңізге баратындарын айтқан. Менің күйеуім «сен жүзе алмайсың ғой!» дегенде жағасында ғана жүретінін айтыпты. Нақты қандай жағдай болғаны белгісіз, бірақ оларды ауыр заттармен теңізге шығарған. Жағасында ғана жүремін деп үміттенген ғой, қайдан білсін соңғы демі сол жерде үзілерін», - деді ол.

Жеңіс Темірғалиев,  2005 жылы 8 мамырда туған. Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласының тумасы.

Батыс Қазақстан облысының баспасөз қызметі хабарлағандай, Жеңіс ертең, 26 қыркүйек күні туған жерінде жерленеді.

Айта кетейік, Каспий теңізіндегі жаттығу кезінде бұл сарбаздар басқа 2006 жылы туған Алмас Көбенов, 2007 жылы туған Ақылбек Төлеген мен Дастан Бегей де бар. Айта кетейік, Дастан Бегей 21 күн бұрын, 3 қыркүйекте 19 жасқа толған еді. Қаза тапқан 14 әскери қызметішінің арасындағы ең кішісі де осы Дастан еді. 

Олжас Диханбаев – 2005 жылғы 14 желтоқсанда туған.

Соңғы болып табылған әскери қызметшілердің қатарында Мансұр Гумаров пен Мирас Тұрдыбекұлы да бар.