Картина «Үздік халықаралық толықметражды фильм» аталымы бойынша жүлдеге таласады
Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі 2027 жылы өтетін 99-шы «Оскар» сыйлығына Қазақстан атынан ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Картина «Үздік халықаралық толықметражды фильм» аталымы бойынша жүлдеге таласады.
Фильмдегі оқиға 1993 жылы Қазақстанда өрбиді. Басты кейіпкер – бүкіл өмірін колхозда еңбек еткен шопан Әбіл. Шаруашылық тарап, жекешелендіру басталғаннан кейін ол көп жылғы еңбегі үшін тиесілі үлесін алуға тырысады.
Картина Пусан халықаралық кинофестивалінде көрсетілді. Сондай-ақ Францияның Везуль қаласында өткен кинофестивальде қазылар алқасының жүлдесіне ие болды. Фильм Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.
Қазақстан атынан фильмнің ұсынылуы әзірге оның «Оскар» сыйлығына номинацияға өткенін білдірмейді. Одан әрі іріктеуді Америкалық киноакадемия жүргізеді.