Мемлекет басшысы түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүргенін ерекше атап өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің ешқандай әкімшілік немесе саяси мәжбүрлеусіз кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл. Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді.
«Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған. Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды. Мына нәрсені түсінген жөн. Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Расында олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сай әрекет етуіміз қажет», – дейді президдент.
Мемлекет басшысы сөз арасында түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүргенін тілге тиек етті.
«Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас. Сондықтан тіл (қандай тіл болса да) бірлік пен өркениеттің өлшемі болуға тиіс. Бүгінгі таңда түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Бұған қалай қуанбайсың? Олар, шын мәнінде, рухани дүниесі бай, бойында талант тұнған жандар. Достыққа дәнекер болған осындай адамдар қашанда жоғары құрмет пен қолдауға лайық. Мемлекет те оларды елеусіз қалдырмайды. Өйткені қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, әлемдік үдерістердің өркениетті, табысты қатысушысы ретінде мемлекетіміздің абырой-беделін асқақтатуға осындай азаматтардың қосар үлесі зор», – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Сөзін жалғай отырып, бірнеше жыл бұрын арнайы «Ел бірлігі» ордені тағайындалғанын еске салып өтті.
«Бұл – ұлт тұтастығын нығайтып, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолында жемісті еңбек еткен жандарға берілетін бәсі биік, айрықша марапат. Конституциялық мәртебеге ие және халық атынан өкілдік ететін ұйым ретінде осы жоғары наградаға лайықты үміткерлерді Қазақстан Халық Кеңесі ұсынғаны дұрыс әрі әділетті деп есептеймін», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол өз сөзінде Шығыспен де, Батыспен де тығыз байланыс орнатудың арқасында халқымыздың ерекше менталитеті қалыптасқанын қозғап өтті.
«Бағзы замандардан бері Ұлы даламыз өркениеттер тоғысынан қуат алып, барша ұлттың салт-дәстүріне, діні мен мәдениетіне құрметпен қарайтын ашық әрі ынтымағы жарасымды мекен ретінде тарихтың талай асуынан өтті. Дүниедегі жақсы атаулыны жатсынбай, сіңіре білген ата-бабамыз Ұлы Жібек жолын мәдениеттер бір-бірімен біте қайнасып, жаңа білім, озық құндылықтар мен сол заманның үздік технологияларын алмасатын кеңістікке айналдырды. Шығыспен де, Батыспен де тығыз байланыс орнатудың арқасында халқымыздың ерекше менталитеті қалыптасты. Біздің қазіргі тарихымыз – осыған айқын дәлел. Этномәдени бірлестіктер кәдімгі «достық керуені» іспеттес. Олар игі мақсатқа жету жолында сапарын үзбейді. Міндетіміз – ынтымақ-бірлікті нығайтып, шынайы достық пен толеранттылықты келесі ұрпаққа аманаттап қалдыру», – деп президент ойын қорытындылады.