«Қарызсыз қоғам» жобасынан кейін кәсіп ашты: Жезқазған тұрғыны жеткізу қызметін ашты

Автор: Асыл Арман

Ұлытауда 2 мыңға жуық адам қаржылық сауаттылық курсын оқыды

Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Ұлытау облысында Жезқазған қаласының тұрғыны Гүлзейнеп Қажыбаева «Әділет» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында білім алып, бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Гүлзейнеп Жезқазған қаласындағы байыту фабрикасында еңбек етеді. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша арнайы курсқа қатысып, қажетті білім мен кеңестер алған. Курсты аяқтап, сертификат иеленгеннен кейін кәсіп бастауға деген қызығушылығы артып, жеткізу қызметін ашқан.

Қазір ұжымда 30-дан астам курьер еңбек етеді. Ұжым күнделікті азық-түліктен бастап, тұрғындарға қажетті түрлі тауарларды қала бойынша жеткізумен айналысады.

Кәсіп иесі «Қарызсыз қоғам» жобасының мамандарына алғысын білдіреді. Оның айтуынша, жоба аясында алған білімдері жеке қаржысын дұрыс жоспарлауға ғана емес, өз кәсібін бастауға да мүмкіндік берген.

«Бір күні жұмысымызға партиядан мамандар келіп, қаржылық сауаттылыққа үйрететінін, кәсіп ашуға кеңестер беретіндерін айтты. Ең қызығы барлығы тегін. Менің қызығушылығым артып курсқа толық қатыстым. Әсіресе, кураторымыз Шолпан ханымға алғыс айтқым келеді. Курс біткен соң да хабарласып, кеңестер алдым», – дейді ол.

«Қарызсыз қоғам» жобасы азаматтарды қаржылық сауаттылыққа үйретіп, қарыздан құтылуға және экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге бағытталған әлеуметтік бастама. Жоба аясында Ұлытау облысында жыл басынан бері 2000-жуық адам оқыған. Бірнеше тұрғынның бұғаталған банктік есеп шоттары ашылып, құмар ойынға тәуелді 2 азаматқа көмек берілді.