Бұл туралы Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа жолдаған депутаттық сауалында айтты
Қазақстандағы көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін бақылайтын автоматтандырылған жүйелердің шамамен 70% өз міндетін толық атқармай отыр. Бұл туралы Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың мәліметінше, бүгінде ел жолдарында 83 автоматтандырылған салмақ өлшеу жүйесі (АСӨЖ) орнатылған. Алайда оның 42-сі Көлік министрлігінің «Көлік деректерінің ақпараттық-талдау жүйесіне» мүлдем дерек жібермейді.
Бұған жол жамылғысының бұзылуы, байланыстың болмауы, датчиктердің істен шығуы немесе жоқтығы, техникалық қызмет көрсетудің жеткіліксіздігі және сертификаттардың қолданылу мерзімінің аяқталуы себеп болған.
«Қалған 41 жұмыс істеп тұрған жүйенің тек 28-і Бас прокуратураның Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімінің процессингтік орталығына дерек жолдайды. Осылайша, толық цифрлық цикл елдегі АСӨЖ-дердің шамамен үштен бірінде ғана қамтамасыз етілген. Іс жүзінде қымбат тұратын жабдықтардың шамамен 70% өз міндетін толық көлемде орындамай отыр», – деді Екатерина Смышляева.
Сонымен қатар Көлік министрлігі 2028 жылдың соңына дейін тағы 141 АСӨЖ орнатуды жоспарлап отыр. Бір кешеннің құны шамамен 200-300 млн теңге.
Депутат қолданыстағы жүйелердің жұмысы толық қамтамасыз етілмей тұрып, жаңа жабдықтарды сатып алуға бюджет қаражатын бөлудің қаншалықты негізді екенін сұрады.
Сауалда жол инфрақұрылымына зиян келтіретін ауыр жүк көліктеріне қатысты мәселе де көтерілген. Депутаттың айтуынша, тек 2025 жылы жұмыс істеп тұрған АСӨЖ деректері бойынша 76 мың болжамды құқық бұзушыны сәйкестендіру мүмкін болмаған.
Бұдан бөлек, үш АСӨЖ өртеу салдарынан істен шыққан. Көлік прокуратурасы жабдыққа қасақана зиян келтірудің 12 фактісін анықтаған.
Смышляева Үкіметтен барлық 83 жүйеге толық ревизия жүргізуді, қолданыстағы желі қалпына келтірілгенге дейін жаңа АСӨЖ сатып алуды уақытша тоқтатуды және бақылау жүйесін толық автоматтандыруды ұсынды.
Депутат сондай-ақ деректерді қолмен түзету мүмкіндігін барынша азайтып, жүйеге кез келген араласуды автоматты түрде тіркеуді талап етті.