«Мемлекеттік қарызы ең төмен елдердің біріміз»: Жұманғарин Қазақстанның сыртқы қарызы 8,4 трлн теңге екенін мәлімдеді

Автор: Махан Миражан

Құрылтайда Қазақстанның мемлекеттік қарызы туралы айтылды 

Фото: Ұлттық экономика министрлігі

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін министр Құрылтайдың жалпы отырысында Қазақстан Үкіметінің сыртқы қарызы 8,4 трлн теңге екенін мәлімдеген болатын. 

«Ол жалпы өнімге шаққанда 4,5 пайыз болады. Жалпы халықаралық деңгеймен салыстырғанда ол өте төмен деңгей деп есептеледі. 1 шілдедегі статистиканы алсақ, қазір тіпті мемлекеттің қарызы 20%-ға дейін азайды. Себебі біздің жалпы ішкі өніміміз өсіп жатыр. Мемлекеттің барлық қарызы бақылауда», – деді Серік Жұманғарин. 

Сонымен қатар Серік Жұманғарин Құрылтай брифингінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы туралы да сөз қозғады. 

«Елдің дамуы әлдеқайда жылдам жүріп жатыр. Елдің қарызына қатысты айтар болсам, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 38,5 трлн теңгені құрайды. Үкіметтің қарызы жалпы ішкі өнімге шаққанда 20 пайызға, ал мемлекеттік қарыз ЖІӨ-ге шаққанда – 20,9%. Біздің индикатор бойынша 32 пайыздан аспауы керек. Сол себепті жағдай өте тұрақты. Біз әлемдегі мемлекеттік үкіметтік қарызы ең төмен елдердің қатарынанбыз», – деп түсіндірді министр. 

Айта кетейік, Құрылтай Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен (АИИБ) әріптестік туралы негіздемелік келісім екінші оқылымда қабылданды.