Жолдағы бақылау күшейеді: жыл соңына дейін тағы 16 учаскеге жаңа жүйе орнатылады

Автор: Махан Миражан

Үкіметте жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып жатыр

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақстанда биыл жол-көлік апаты азайған. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары 5%, қаза тапқандар саны 15%-ға, жарақат алғандар 6%-ға азайған.

«Бірақ бұл нәтижемен шектеліп, өзімізді жұбатуға болмайды. Әрбір санның артында – адам өмірі мен денсаулығы тұр. Сондықтан нақты жұмыстарды жалғастырып жатырмыз», – деді Ержан Сәденов.

Оның сөзінше, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көлік тәртібіне бақылау күшейіп, цифрлық технологиялар белсенді қолданылып жатыр.

«Осы саладағы барлық цифрлық сервистер «ТОР» платформасына бірігеді. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы 8 сағаттан артық рөлде отырған адамдарды, сондай-ақ ұрланған автокөліктерді анықтаймыз. «Қорғау» жүйесі іздеуде жүрген, жалған нөмір таққан көліктер мен өрескел құқық бұзушыларды анықтауға мүмкіндік береді», – деді министр.

Сондай-ақ жол ережесін автоматты түрде анықтайтын жүйелердің саны 28 мыңнан 32 мыңға дейін артқан.

Республикалық трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі де кеңейеді. Қазір ол 2,8 мың шақырымды қамтитын 12 учаскеде жұмыс істейді.

«Дәл осы жүйе орнатылған учаскелерде жол-көлік оқиғалары 10%, қаза тапқандар 33%, жарақат алғандар 12% азайды. Жыл соңына дейін Көлік министрлігімен бірге тағы 16 учаскеге орнатамыз. Осылайша орташа жылдамдықты өлшейтін құралдар жалпы ұзындығы 5,6 мың шақырым болатын 28 учаскеде жұмыс істейтін болады», – деді Ержан Сәденов.

Министр жолдарда лазерлік жүйелер, дрондар мен мобильді кешендер де қолданылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құралдар қарсы жолаққа шығу, жол ережесін бұзу және мас күйінде көлік жүргізу фактілерін анықтауға көмектеседі.