Үкіметте жылыту маусымына дайындық барысы қаралды
Үкімет отырысында күн тәртібіндегі мәселелерден тыс жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлердегі жылыту маусымына дайындық жұмысы толық бітпегенін сынап, бірқатар әкімге тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жаңа ғана министр айтқандай, бірқатар өңірлерде жылыту маусымына дайындық әлі аяқталған жоқ. Аталған өңір әкімдері жылу беру мәселесін тікелей бақылауға алсын. Семей, Степногорск, Петропавл қалаларында жылу желілерін іске қосуға баса назар аудару қажет», - деді Үкімет басшысы.
Жылу беру маусымы бойынша бақылау мен үйлестіру мәселелері Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Бұған дейін Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өңірлердегі жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен таныстырды.