Есепшоттағы бұғат қабылдау кезінде алынды: «Әділет» партиясы Абай облысының тұрғынына алимент мәселесін шешуге көмектесті

Автор: Алмас Ерсін

Бұғатталған есепшоттан ҰБДБ мәселесіне дейін: Абай облысының тұрғындары «Әділет» партиясының қабылдауында қандай мәселелер көтерді?

Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Абай облысындағы «Әділет» партиясы филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған бірыңғай тақырыптық қабылдау өтті. Тұрғындар өз мәселелерін айтып, мамандар мен бейінді ұйымдардың өкілдеріне тікелей жүгіне алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қабылдау 2026 жылғы 27 қаңтарда қабылданған «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бағдарлама кәмелетке толмағандардың құқықтық қорғалуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, отбасыларды қолдауға, балалардың денсаулығын қорғауға және балалар инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 158 нақты шараны қамтиды.

Кездесуге тұрғындар түрлі мәселемен келген. Біріне Ұлттық білім беру деректер базасына (ҰБДБ) қатысты кеңес қажет болса, енді бірі баспана, әлеуметтік қолдау және отбасылық мәселелер бойынша жүгінді. Тұрғындардың мәселелерін «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Айдар Ибраев, партияның өңірлік Әйелдер қанатының мүшелері, Отбасын қолдау орталығының мамандары, сондай-ақ жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері бірге қарады.

Өтініштердің бірі қабылдау кезінде бірден шешілді. Назерке Бақтыбаева баласына төленетін алимент түсетін есепшотқа қойылған тыйымға қатысты мәселені көтерді.

Оның өтінішін Абай облысы бойынша жеке сот орындаушысы Жанарбек Мұханов қарады. Ол істің мән-жайын зерттеп, қажетті шараларды қабылдады. Нәтижесінде есепшотқа қойылған тыйым қабылдау кезінде бірден алынды.

«Алимент төлеуге арналған қаражат баланың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жұмсалады. Сондықтан мұндай есепшоттарға ерекше назар аудару қажет. Қабылдау барысында өтінішті қарап, қажетті мән-жайларды анықтадық. Нәтижесінде есепшотқа қойылған тыйымды алу бойынша тиісті шаралар қабылданып, мәселе жедел шешілді», – деді Жанарбек Мұханов.

Ата-аналарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – Ұлттық білім беру деректер базасының (ҰБДБ) жұмысына қатысты. Абай облысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек көрсету комиссиясының мүшесі, қоғам белсендісі Анар Сүлейменованың айтуынша, тұрғындар оған платформа жұмысына қатысты сұрақтармен жиі жүгінеді.

«Маған тұрғындар хабарласып, платформаның жұмысына қатысты сұрақтарын қояды. Мысалы, көпбалалы аналардың бірі маған баланы күтуге берілетін жәрдемақысы неге табыс ретінде есептелетініне қатысты сұрақпен жүгінді. Табыс ретінде ата-ананың жалақысы, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы, алимент есептеледі. Бірақ мүгедектігі бар баланы күтуге берілетін жәрдемақының да табыс ретінде есептелгеніне таңғалдым. Бұл мәселені министрлік пен портал әзірлеушілеріне жолдаймыз», – деді Анар Сүлейменова.

Оның айтуынша, мұндай мәселелердің әрқайсысының артында нақты бір отбасының жағдайы тұр. Сондықтан тұрғындардың өтініштерін назардан тыс қалдырмай, әр мәселенің мән-жайын анықтау маңызды.

Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі тұрғындардың мемлекеттік органдар өкілдерімен бетпе-бет кездесетін алаң ғана емес, нақты көмек алып, мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін орын екенін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.

«Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Айдар Ибраев та өз мәселесімен келген адамды жай ғана тыңдап қоймай, оған шешім табуға көмектесуге тырысу маңызды екенін атап өтті.

«Біз азаматтардың өтініштері бойынша қоғамдық қабылдау форматында кездесу өткіздік. Оған бірқатар облыстық басқармалардың өкілдері қатысты. Азаматтар көптеген мәселе көтеріп, бірқатар ұсыныс айтты. Дегенмен айтылған барлық мәселе міндетті түрде қаралып, оларға тиісті жауаптар беріледі», – деді ол.

Өңір тұрғындары үшін мұндай формат жай ғана кеңес алуға емес, өздерін толғандырған нақты мәселе бойынша мамандар мен мемлекеттік және бейінді ұйымдардың өкілдеріне тікелей жүгінуге мүмкіндік берді. Кей жағдайда мәселені сол жерде шешуге де мүмкіндік жасалды.