Машинист байқап қалған: теміржол маңында жүрген төрт жасар бүлдіршіннің ата-анасы табылды

Автор: Асыл Арман

Оқиға 20 қыркүйекте Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған

Фото: Видеодан скрин

Жетісу облысында теміржол маңында жүрген төрт жасар бүлдіршіннің ата-анасын көлік полициясының қызметкерлері жылдам тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еске салайық, жүк пойызының машинисі Сарыөзек – Үштөбе учаскесіндегі теміржол жолдарының маңында далада жалғыз жүрген төрт жасар баланы байқап қалған. Оқиға 20 қыркүйекте Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған. Машинист пойызды тоқтатып, баланы локомотив кабинасына алып, станция қызметкерлеріне тапсырған. Олар баланың ата-анасымен байланысқан.

Агенттікке Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Үштөбе станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері баланың ата-анасын жедел анықтап, полицияға жеткізген.

«Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін баланың анасына қатысты әкімшілік іс жүргізу басталды. Бала зардап шеккен жоқ және ата-анасына тапсырылды», – деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.

Көлік полициясы теміржолдың қауіптілігі жоғары аймақ екенін еске салады. Ата-аналарға кішкентай балаларын қысқа уақытқа болса да қараусыз қалдырмау ұсынылады.

Айта кетейік, осыған дейін Жетісу облысында төрт жасар бала иен далада жалғыз жүрген жерінен табылған.