Ауқымды спорттық шараға 2000-ға жуық адам, соның ішінде балалар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар, кәсіби спортшылар мен әуесқойлар қатысты
Астана қаласының Ботаникалық бағында БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) ұйымдастыруымен инклюзивті қоғамды қолдауға арналған UNICEF Charity Run алғашқы қайырымдылық жүгірісі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауқымды спорттық шараға 2000-ға жуық адам, соның ішінде балалар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар, кәсіби спортшылар мен әуесқойлар қатысты.
Жүгіріске қатысу толығымен тегін болды. Қатысушылар 2, 5 және 10 шақырымдыққашықтықтарды бағындырды. Жиналған барлық қаражат ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы әрбір балаға арналған инклюзивті қоғам құру бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда мүгедектігі бар 120 мыңға жуық бала тұрады. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, инклюзия — бұл тек кедергісіз орта жасау емес, әрбір баланың білім алуына, спортпен шұғылдануына және қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік беру.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық және балалар спортын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бүгінде Қазақстанда халықтың 44,5%-ы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданады. UNICEF Charity Run спорттың баршаға қолжетімді бола алатынын айқын көрсетті», — деп атап өтті ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Рашед Мустафа Сарвар да пікір бөлісті:
«Инклюзия қарапайым қағидадан басталады: баланың мүмкіндігі оның мүгедектігінің болуымен немесе болмауымен шектелмеуі тиіс. Біздің ортақ міндетіміз — әрбір баланың дамуына жағдай жасау».
Әлемнің көптеген ірі қаласында ЮНИСЕФ-ті қолдау мақсатында қайырымдылық марафондары тұрақты түрде өтіп тұрады. Ал 2026 жылы бұл халықаралық дәстүрге алғаш рет Астана қаласы да қосылды.