Полиция жұмысының жеделдігі мен ашықтығын арттыру мақсатында цифрлық технологиялар белсенді қолданылуда
Жыл басынан бері ішкі істер органдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың жайлылығын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс атқарды. Полиция мәліметінше, республика бойынша тыныштық сақтау талаптарын бұзудың 79 мың жағдайының жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары пиротехникалық бұйымдарды заңсыз пайдаланудың 269 фактісін анықтап, кінәлілерді жауапкершілікке тартты. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне заңнама талаптарын сақтау бойынша 8 мыңнан астам ұсыным енгізілді.
Полиция жұмысының жеделдігі мен ашықтығын арттыру мақсатында цифрлық технологиялар белсенді қолданылуда. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам учаскелік инспектор тұрғындардың мессенджерлердегі чаттарына қосылған.
Мұндай өзара іс-қимыл форматы тәртіп сақшыларына құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты жедел алуға, азаматтардың өтініштеріне дер кезінде ден қоюға және тұрғын үй массивтеріндегі тәртіпті тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Полиция тыныштықты сақтау және қоғамдық тәртіпті бақылау бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретінін атап өтті.