Астанада алаяқтық ісі бойынша 24 адам сегіз жылға сотталды
Сотта айыпталушылар өз кінәсін мойындамаған
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында болған 24 адамға қатысты өкім шығарды. Сот шешімімен олардың әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта айыптауды қолдаған Қарағанды облысының прокуратурасы үкімнің әлі заңды күшіне енбегенін хабарлады.
Тергеу барысында сотталушылардың топ ішінде рөлдері нақты бөлінгені және олардың әрекеттерін шетелдік ұйымдастырушылар үйлестіріп отырғаны дәлелденді. Фигуранттардың басым бөлігі Қазақстанға Ресейден келген, ал кейбірі басшылардың тапсырмасымен көрші елден арнайы құрылғылар тасымалдаумен айналысқан.
Орындаушыларды негізінен Telegram желісі арқылы тапқан. Оларға белгілі бір қалаға келіп, пәтер жалдау, SIM-box құрылғысын қабылдап алып, оны интернетке қосу және отандық операторлардың SIM-карталарын орнату міндеттелген. Бұл жұмыс үшін қылмыстық топ мүшелеріне тәулігіне 50-ден 100 долларға дейін ақы төленген.
Алаяқтар SIM-box құрылғысына жалғанған нөмірлер арқылы Қазақстан азаматтарына алаяқтық қоңыраулар шалған. Олар өздерін мемлекеттік орган, банк немесе «Қазпошта» қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдау арқылы растау кодтарын қолға түсірген. Әрі қарай тұрғындарды өз атынан кредит рәсімдеуге және ақша аударуға көндірген.
Прокуратураның хабарлауынша, істегі басты дәлелдердің бірі — сотталушылардың телефондарынан табылған Telegram-дағы хаттары. Онда құрылғыларды орнату, SIM-карталарды ауыстыру және есеп беру бойынша толық нұсқаулықтар сақталған.
Сотта айыпталушылар өз кінәсін мойындамағанымен, жиналған айғақтар мен дәлелдер кінәлілерге айыптау үкімін шығаруға толық жеткілікті болған.