Қостанай облысында медициналық жабдық сатып алуда заң талаптары бұзылған — Бас прокуратура

Автор: Дәулет Ботагөз

Прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, заңбұзушылықтар техникалық спецификацияларды жасау кезеңінде болған

Фото: © istockphoto.com

Қостанай облысы Федоров ауданының прокуратурасы 17,4 миллион теңге сомасына медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу кезіндегі заңбұзушылықтардың жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қадағалаушы орган «Федоров аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК-да медициналық техника сатып алуға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығын тексерді. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу кезінде бәсекелестікті жасанды түрде шектеу фактілері анықталды.

Прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, заңбұзушылықтар техникалық спецификацияларды жасау кезеңінде болған. Атап айтқанда, сатып алынатын құрал-жабдықтардың сипаттамалары нақты бір модельдер мен өндірушілерге арнайы ыңғайланып, тым егжей-тегжейлі жазылған. Бұл әрекет ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнамасына, сондай-ақ адал бәсекелестік, өнім берушілердің теңдігі және бюджет қаражатын тиімді пайдалану қағидаттарына қайшы келеді.

«Сатып алуларға жүргізілген талдау ауруханада гастровидеоскоптар, ирригациялық помпалар, зертханалық микроскоптар, ота жасау үстелдері мен пациент мониторларын сатып алу кезінде де осындай тәсілдің қолданылғанын көрсетті», – деп хабарлады Бас прокуратура.

Осыған ұқсас заңбұзушылықтардың жүйелі сипатқа ие болуын ескере отырып, жүргізілген талдау нәтижелері бүкіл облыс аумағында қадағалау шараларын жүргізу және алдын алу үшін жолданды.