Астанада жалпыұлттық сенбілік өтіп жатыр: «Әділет» партиясы 69 түп жөке екті

Елордадағы «Мыңжылдық» аллеяда өткен сенбілік жұмыстарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты

Астанада жалпыұлттық сенбілік өтіп жатыр: «Әділет» партиясы 69 түп жөке екті
Фото: «Әділет» партиясы

Бүгін Астанада «Дүниежүзілік тазалық күніне» орай «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елордадағы «Мыңжылдық» аллеяда өткен сенбілік жұмыстарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Сонымен қатар экологиялық шараға «Әділет» партиясы фракциясының депутаттары мен белсенділері және «Жастар рухы» жастар қанаты да қатысып, 69 түп жөке көшетін екті. 

«Бүгін елорда бойынша барлық аудандарда үйеңкі ағашын отырғызып жатырмыз. Кейін оның өсіп-өнуін де қадағалаймыз. Елорда тұрғындарын тазалыққа шақырамын. Ол біздің мәдениетімізді көрсетеді. Сондықтан «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басым жобаның бірі болды. Акция аясында тазалық жұмыстарын ғана өткізіп қоймай, экологиялық сабақтар мен эко турлар ұйымдастырып жатырмыз», — деді Есіл ауданы бойынша «Әділет» партиясының төрағасы Санира Жүсіпова. 

Сонымен қатар «Әділет» партиясының мүшелері «Таза Қазақстан» акциясымен қатар «Плоггинг» акциясын да жалғастыратынын атап өтті.

«Екі жыл қатарынан сенбілік жұмыстарына жастар қанаты да белсенді атсалысып келе жатыр. Бұл қоршаған ортаға деген жауапкершілік, яғни барлық өңірде партия жастары абаттандыру, тазалық жұмыстары мен экологиялық шараларға қатысу негізгі міндеттері. «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты тазалықты сақтауға, су мен энергияны үнемдеуге және қоршаған  ортаны таза ұстауға деген жауапкершілікті арттыру», — деді «Әділет» партиясының жастар қанатының төраға орынбасары Ержан Хамитов.

Бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірінде сенбілік жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асады.

«Әрбір тал маңызды. Бір тал - бір үміт. Ол біздің болашағымыз және артымыздан қалдыратын ізіміз деп ойлаймын. Сондықтан «Таза Қазақстан» бір күндік акция болмауы тиіс. Ол адамдардың күнделікті өміріне айналуы керек. Адамдар табиғатқа жауапкершілікпен қарауды үйрену қажет. Соған сай санамыз бен мәдениетімізді қалыптастыруымыз керек», — деді Идеологиялық жұмыс департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Нұрхаметханова. 

Сенбілік жұмыстары Сағадат Нұрмағамбетов көшесінің бойында және Ахмет Байтұрсынов пен Жұмекен Нәжімеденов көшелерінде өтті.