Атырау облысында 17 тоннадан астам заңсыз балық тәркіленді

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқиға Атырау – Доссор автожолының 601-шақырымында болған

Фото: ІІМ

Атырау облысында құқық қорғау органдары ірі көлемдегі заңсыз балық өнімін тасымалдау дерегін анықтады. Тәртіп сақшылары жүк көлігін тексеру барысында заңды құжаттары жоқ тонналаған өнімді тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап. 

Мәлімет бойынша, оқиға Атырау – Доссор автожолының 601-шақырымында болған. Полиция қызметкерлері күдік ұялатқан Volvo маркалы жүк автокөлігін тоқтатып, жүк бөлігін тексерген.

Тексеру нәтижесінде көлік ішінен тиісті рұқсат қағаздары мен шығу тегін растайтын құжаттары жоқ 17 тонна 652 килограмм балық өнімі табылды.

Аталған дерек бойынша балық ресурстарын заңсыз заңдастыру, аулау және тасымалдау бабы аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты іске қатысты өзге де ақпараттарды жариялауға шектеу қойды.