Мешіт жамағатының тазалық жұмысына тұрақты түрде қатысуы – қоршаған ортаға жанашырлық танытып, кейінгі ұрпаққа таза әрі көрікті қала қалдыруға қосылған үлес
Шымкенттегі «Kenesary Han» мешітінің аумағында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараға мешіт жамағаты белсенді қатысып, ғимарат айналасын қоқыстан тазартып, аумақты ретке келтірді.
Шымкент қаласы Абай ауданының бас имамы Мұхамеджан Естеміровтің айтуынша, мешітте тазалық жұмысы тұрақты түрде өткізіледі. Оған мешітке келушілер де белсенді түрде атсалысады. Оның сөзінше, тазалық ұғымы тек көшелер мен аулалардың таза болуымен шектелмейді.
«Бұл тек көше мен ауланың тазалығы емес. Негізгі мақсатымыз – тілдің таза болуы, жүректің таза болуы, бір-бірімізге мейірім-шапағат таныту. Әркім өз ауласын, жүрген жолын таза ұстаса екен дейміз. Көлік жүргізушілерінен де темекінің тұқылын жолға тастамауды сұраймыз», – дейді Абай ауданының бас имамы.
Акция барысында қала тұрғыны Нұрмахан Тұрмаханов та тазалық жұмысына қатысты. Ол қаланың шеткі аумақтарын, соның ішінде мешіт маңын абаттандыруға көбірек көңіл бөлінсе деген тілегін білдірді.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар қоршаған ортаны таза ұстаумен қатар, тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталып отыр.
Мешіт жамағатының тазалық жұмысына тұрақты түрде қатысуы – қоршаған ортаға жанашырлық танытып, кейінгі ұрпаққа таза әрі көрікті қала қалдыруға қосылған үлес.