350 адам мен 158 техника: Катонқарағайдағы жаңа әуежай құрылысы қалай жүріп жатыр

Автор: Асыл Арман

Негізгі жұмыс аэровокзал ғимаратында, диспетчерлік мұнарада, қызметтік нысандар мен инженерлік желілерде жүргізіліп жатыр

Фото: ШҚО әкімдігі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Катонқарағай ауданында салынып жатқан жаңа әуежай құрылысының жалпы дайындық деңгейі 76 пайызға жуықтады. Қазір нысан аумағында 350 адам мен 158 техника жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов әуежайдағы құрылыс жұмысын тексеріп, нысандағы негізгі инфрақұрылымның жай-күйімен танысты. Қазір ұшу-қону жолағы, перрон және рульдеу жолы дайын. Республикалық маңызы бар автомобиль жолы мен блокты-модульдік қазандықтың құрылысы да аяқталған.

Бүгінде негізгі жұмыс аэровокзал ғимаратында, диспетчерлік мұнарада, қызметтік нысандар мен инженерлік желілерде жүргізіліп жатыр.

Жаңа әуежай нөлден бастап салынып жатқандықтан, құрылыс жұмыстарының ауқымы үлкен. Нысанның іске қосылуы Катонқарағайдың туристік әлеуетін арттырып, ауданның өңір тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы мердігерге құрылыс кестесін қатаң сақтап, жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әуежай құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.