Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде оқ атылды: полиция оқиғаның мән-жайын анықтады

Автор: Алмас Ерсін

Кешкі уақытта тұрғындар оқ атылғанын естіп, полиция шақырған

Фото: istockphoto.com

Астанада тұрғын үй ауласында бір топ мас жастың агрессивті әрекетіне байланысты тұрғындардың бірі газ тапаншасынан аспанға ескерту ретінде оқ атты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кешкі уақытта тұрғындар оқ атылғанын естіп, полиция шақырған. Оқиға орнына патрульдік полиция экипаждары жедел жетті.

«Тұрғындарының бірі құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында газ тапаншасынан аспанға ескерту ретінде оқ атқан», – деп хабарлады Астана қаласы Полиция департаменті.

Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқандардың барлығын сол жерде ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Құқық қорғау органдары олардың әрекетіне құқықтық баға беріп, заңда көзделген шараларды қабылдайды.

Полиция департаменті оқиға салдарынан ешкім зардап шекпегенін атап өтті. Әлеуметтік желілерде тараған жараланғандар туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылары аулада адам өлтірілді деген ақпарат таратқан. Полиция бұл мәліметті растаған жоқ.