Үндістанда бес ай бұрын ұсталған танкерде Қазақстан азаматы отыр: ҚР СІМ нота жолдады
Танкер қаржылық мәселелерге байланысты бірнеше айдан бері қамауда тұр
Үндістанның Парадип портында ұсталған Unity моторлы танкерінің экипажы құрамында Қазақстан азаматы отыр. Қазақстандық дипломаттар отандасымызды елге қайтару үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, кеме экипажында 23 теңізші бар, олардың бірі – Қазақстан азаматы.
ҚР СІМ мәліметінше, MT Unity танкерінің ұсталуына кеме иесінің жергілікті жанармай жеткізуші алдындағы қаржылық берешегі себеп болған.
«Қазақстандық дипломаттар азаматымыздың елге қайтуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр. Жағдайды реттеуге жәрдем көрсету туралы өтінішпен Үндістан Сыртқы істер министрлігіне тиісті дипломатиялық нота жолданды», – деп атап өтті сыртқы саяси ведомство.
Сондай-ақ Қазақстан азаматы мен оның отбасы мүшелері көмек сұрап, Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне жүгінбегені атап өтілді.
РБК мәліметінше, танкер 11 мамырдан бері қамауда тұр және Парадип портынан шамамен 12 миль қашықтағы зәкір тұрағында орналасқан. Кеме Камерун туы астында жүреді. Оның бортында капитанды қоса алғанда 20 Ресей азаматы, екі Мысыр азаматы және бір Қазақстан азаматы бар.
Теңізшілердің туыстары басылымға порт танкердің айлаққа тұруына рұқсат бермегенін және экипаждың сегіз мүшесін кемеден түсіруден бас тартқанын айтқан. Теңізшілердің басым бөлігінің еңбек келісімшарттарының мерзімі өтіп кеткен немесе аяқталуға жақын. Ал экипаждың кейбір мүшелері кемеде он айдан астам уақыттан бері отыр.
Кеме ішінде экипаж бүгінге дейін азық-түлік пен ауыз судың жетіспеушілігіне, байланыс мәселелеріне және техникалық ақауларға тап болған. 19 тамызда кемеге тасымалданған азық-түлік пен судың кеме капитанының есебінше, қыркүйек айының соңына дейін жетуі тиіс.
Туыстарының хабарлауынша, 22 тамызда инсульттің жеңіл түріне ұқсас белгілері байқалған аға механик кемеден эвакуацияланған. Алайда келесі күні оны қайтадан танкерге жеткізген.
Жағдай Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бақылауында.