ШҚО-дан Талдықорғанға «жұмыс істеу» үшін барған ер адам 10 жылға сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Оның 4,5 кг мефедрон дайындағаны белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Талдықорғанда аса ірі мөлшерде мефедрон есірткісін дайындаған ер адам сот үкімімен бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, ол 2025 жылы «Telegram» мессенджері арқылы түскен ұсыныспен Талдықорған қаласына келіп, жеке үйді жалға алған. Оның бұл жерде мефедрон дайындайтын жасырын зертхана ұйымдастырғаны белгілі болды. Тінту барысында 4,5 килограмнан астам мефедрон анықталып, тәркіленді.

«Мемлекеттік айыптаушы ұсынған дәлелдемелерді, сондай-ақ аса ауыр қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот прокуратураның ұстанымын қолдап, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.

Мұндай әрекеттер аса ауыр қылмыс болып саналады. Осы үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.