Жезқазған қаласының әкімі жұмысынан кететінін айтып, жарияға жар салды

Ол өзіне қолдау білдірген қала тұрғындарына ерекше ілтипатын білдірді

Жезқазған қаласының әкімі жұмысынан кететінін айтып, жарияға жар салды
Фото: Instagram/kairatsh_08

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов жұмысынан кететінін айтып, жарияға жар салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол желідегі парақшасында арнайы жазба жариялап, Жезқазған қаласының тұрғындарымен қоштасты.

«Құрметті Жезқазған қаласының тұрғындары, қадірлі жерлестер! Бүгін мен үшін ерекше толқынысты күн. Қала әкімі лауазымындағы қызметімді аяқтап, сіздермен қоштасатын сәт те келіп жетті. Төрт жыл ішінде сіздермен бірге қаланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, туған қаламыздың дамуы үшін шамамыз келгенше еңбек еттік. Бұл кезең мен үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, үлкен мектеп, өмірлік тәжірибе болды. Осы уақыт ішінде талай мәселені бірге көтердік, талай бастаманы бірге жүзеге асырдық. Әрбір кездесудің, әрбір ұсыныс пен пікірдің мен үшін өз орны бар. Қолдаған жерлеріңізде қанаттанып, сынаған жерлеріңізде шыңдала түстім», – дейді экс-әкім.

Ол өзіне қолдау білдірген қала тұрғындарына ерекше ілтипатын білдірді.

«Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткен барша Жезқазғандықтарға шын жүректен алғыс айтамын. Қуанышты сәттерде бірге қуанып, қиындықта бірге шешім іздеген күндер жадымда мәңгі сақталады. Мен үшін Жезқазған – жай ғана қызмет атқарған қала емес. Бұл – тағдырыммен, еңбегіммен, естеліктеріммен байланысқан туған жер. Қызмет аяқталғанымен, Жезқазғанға деген жанашырлығым мен ақ тілегім ешқашан аяқталмайды. Қаламыздың дамуы жалғасын тауып, әр шаңырақта береке мен тыныштық орнасын! Жезқазғанның болашағы жарқын болсын!» – деп Қайрат Шайжанов сөзін қорытындылады.