Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев түрмеден шықты

Автор: Алмас Ерсін

Ресми мәлімет бойынша, сот тағайындаған жазасын толық өтеп болғанына байланысты босатылған

Фото: Жомарт Ертаевтың парақшасынан

Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықты. Ақпаратты Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми мәлімет бойынша, Жомарт Ертаев сот тағайындаған жазасын толық өтеп болғанына байланысты босатылған.

«Сонымен қатар заңнамаға сәйкес, оған 6 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау белгіленеді. Әкімшілік қадағалау – жазасын өтеу мекемесінен босатылғаннан кейін адамның мінез-құлқын ішкі істер органдарының заңда белгіленген тәртіппен бақылауын көздейді», – деп хабарлады ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.

Айта кетейік, 2020 жылғы қарашада Алматыда бұрынғы банкир Жомарт Ертаевқа үкім шығарылды. Ол Bank RBK-ға тиесілі 144 млрд теңгені жымқырды деп танылып, орташа қауіпсіздік колониясында 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 10 жыл бойы банк және қаржы саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.

Бұдан кейін, 2021 жылғы наурызда ол тағы бір қылмыстық іс бойынша сотталды. Бұл жолы Bank RBK, Qazaq Banki және «Еуразиялық банк» қаражатынан 188 млрд теңгеден астам соманы жымқыру ісі қаралды. Сот Жомарт Ертаевты қылмыстық топ құру мен алаяқтық жасады деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.

Осылайша, ол ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 28-бабы 3-бөлігі, 228-баптары бойынша ауыр қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

2021 жылғы мамырда апелляциялық сот оның алғашқы ісі бойынша жазасын жеңілдетіп, мерзімді 11 жылдан 9 жылға дейін қысқартты.