Жамбыл облысында 22 млн теңге ұрлаған алаяқтар қолға түсті (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жүріп жатыр

Фото: Видеодан скрин

Жамбыл облысының полицейлері Алматыда алаяқтық жасап, 22 млн теңгеге жуық ақша ұрлады деген күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР ІІМ-нің мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында Жамбыл облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен Тергеу басқармасының қызметкерлері Алматы қаласында алаяқтық жасады деген екі күдіктіні ұстаған.

«Тергеу барысында күдіктілердің өздерін логистикалық компанияның қызметкерлері ретінде таныстырып, теміржол вагондарын ұсынамыз деген сылтаумен жәбірленушінің сеніміне кіргені анықталды. Осылайша олар жәбірленушінің жалпы сомасы 21 млн 883 мың теңге қаражатын иемденген», – деп хабарлады ведомство.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот санкциясымен күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.