Иығына адам отырғызып мотоцикл айдаған: Ақмола облысында тәртіп бұзған жасөспірімдер анықталды (ВИДЕО)

Автор: Дәулет Ботагөз

Балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарағаны үшін олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Фото: скриншот

Ақмола облысы Целиноград ауданының Талапкер ауылында бейнебақылау камераларын бақылау кезінде полиция қызметкерлері мотоциклмен қауіпті серуен ұйымдастырған жасөспірімдерді байқап қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «HALYQSTAN»-ға сілтеме жасап.

Бейнекадрлардан жас жүргізушілердің қозғалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзғаны көрінеді. Олар мотоцикл айдап бара жатып, иықтарына достарын отырғызып алған.

Полицияның жедел әрекеті нәтижесінде тәртіп сақшылары бейнебақылау жазбалары арқылы барлық қатысушыны тез арада анықтады. Тәртіп бұзған жасөспірімдердің өзімен жол қауіпсіздігі мен өмірге төнетін қатерлер туралы түсіндіру әңгімесі жүргізіліп, балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарағаны үшін олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Осыған байланысты Полиция департаменті ата-аналарға балаларға жол қозғалысы ережелерін қатаң түсіндіруді және мотокөліктерді кәмелетке толмағандардың еркіне жібермеуді қайта ескертеді.