«Таза Қазақстан»: Құрылтай депутаттары балаларды қолдау орталығының аумағын абаттандырды

Автор: Дәулет Ботагөз

Науқанға «Семизбай-U» ЖШС компаниясының өкілдері де аянбай атсалысып, нәтижесінде 12 түп ағаш егілді және ойын алаңдары сырланды

Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Құрылтай депутаттары, «Әділет» партиясы фракциясының мүшелері Бекжан Әлімқұлов пен Нұржан Ниязалиев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Астана қаласындағы Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына барды. Онда депутаттар орталық аумағын абаттандыру жұмысын жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Әділет» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы екенін әрдайым айтып келеді. «Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл азаматымыздың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналды», – деген еді президент.

Бұл ретте, Құрылтай депутаттары қатысқан акцияға «Семизбай-U» ЖШС компаниясының өкілдері де аянбай атсалысып, нәтижесінде 12 түп ағаш егілді және ойын алаңдары сырланды.

«Жаңа Ата Заңда қоршаған ортаны қорғау ісі әр азаматтың конституциялық міндетіне айналды. Осы орайда, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы – тек сенбілік емес. Ол – әр адамның жүрек қалауы. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – қоршаған ортаны, экологияны таза ұстау мәселесі өз қолымызда екенін көрсету», – деді Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Бекжан Әлімқұлов.

Сондай-ақ іс-шара барысында осы орталықтағы балаларға арналған бір апталық азық-түлік қоры және 100 сөмке табысталды. Азық-түлік себетіне сүт өнімдері, жемістер мен тәттілер кірді. Бұған қоса, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.