Астана қалалық Полиция департаменті туристік полиция қызметкерлерінің жұмыстан босатылуына қатысты ресми түсініктеме берді
Астана қалалық Полиция департаменті қызметтік міндеттерін атқару кезінде әдеп нормалары мен ішкі тәртіпті бұзған туристік полиция қызметкерлерінің жұмыстан босатылуына қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қызметтік міндеттерін атқару кезінде және формалық киімде мұндай әрекетке жол беру орынсыз. Полиция қызметкері кез келген жағдайда кәсіби арақашықтықты сақтап, белгіленген мінез-құлық мәдениетін ұстануға міндетті», — деді мекеме өкілдері.
Ішкі тексеру қорытындысы бойынша екі полиция қызметкері де жұмыстан босатылды.
Еске сала кетейік, желіде белгілі мысырлық тревел-блогер Ахмед Хаггагтың Астанадағы «Хан Шатыр» СОО маңында орналасқан «Ғашықтар саябағында» формадағы полицей қыздарды көтеріп, айналдырып жүрген видеосы тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Айта кетейік, Ахмед Хаггаг — әлемнің 193 елін аралаған танымал саяхатшы-блогер, оның әлеуметтік желілердегі жалпы аудиториясы 10 миллионнан асады.