Қатысушылар өздерінің физикалық дайындығына қарай 3, 5 және 10 шақырым қашықтықтарға тегін тіркеліп, жарысқа қатысты
Астанада Отбасы күні қарсаңында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «JANA MEN KUZ RUN» бұқаралық жүгіруіне 2000-ға жуық адам қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарыс кеше таңғы сағат 09:00-ден бастап Алматы ауданындағы Триатлон саябағында болған.
Қатысушылар өздерінің физикалық дайындығына қарай 3, 5 және 10 шақырым қашықтықтарға тегін тіркеліп, жарысқа қатысты.
«Іс-шараны қала әкімдігі мен JANA MEN жобасының авторы Айтым Жақыповпен бірлесіп ұйымдастырдық. Жүгіруден бөлек, JANA MEN командасы «Не лишние» фильмінің бір бөлігін түсірді. Осылайша, іс-шараға қатысқан қала тұрғындарының барлығы айтулы жобаның бір бөлігіне айналды», - деді Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Қатысушыларға ыңғайлы болу және жүгіру кезінде бір-біріне кедергі келтірмеу үшін әр қашықтықтың старты 10 минуттық аралықпен ұйымдастырылды.
Нәтижесінде ең қысқа 3 шақырым қашықтықта Мирхан Жәнібек мәреге сызығын бірінші болып кесті.
«Үш жыл бұрын Қарағанды марафонында алғаш рет жүгіріп көрдім. Сол кездегі әсерім қатты ұнады. Содан бері жүгіру өмірімнің бір бөлігіне айналды. Әр адамның салауатты өмір салтын ұстануда өз мақсаты бар. Мен өзімнің физикалық дайындығымды қалыпты деңгейде ұстап тұруға тырысамын. Жалпы, Астанада жүгіруге арналған орындар көп», - деді іс-шараға қатысушылардың бірі Мирхан Жәнібек.
Бұқаралық жүгірісте мәреге сызығын кескен барлық қатысушылар өзіндік ерекшелігі бар естелік медальға ие болды.
Жиын соңында қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, 10 велосипедтің иегерлері анықталды.