Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Автор: Дәулет Ботагөз

Мемлекет басшысы өзінің құттықтауында әр азаматтың адами қасиеттері мен дүниетанымы шаңырақта қалыптасатынын тілге тиек етті

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтап, бұл институттың ұлттық болмыс пен мемлекет дамуындағы айрықша маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы өзінің құттықтауында әр азаматтың адами қасиеттері мен дүниетанымы шаңырақта қалыптасатынын, ана жылуы мен әке өнегесі, үлкендердің даналығы ұрпақты биік мақсаттарға жетелейтінін тілге тиек етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Президент неке, отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің тікелей қорғауында екенін және биыл заңнамалық деңгейде бірқатар маңызды өзгерістер орын алғанын жеткізді.

«1 шілде күні заңды күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің қорғауында болады. Конституцияда балалардың құқығын, әйел мен ананың отбасындағы рөлін күшейтуге баса назар аударылды. Тұңғыш рет «неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма көрініс тапты. Сондай-ақ биыл Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылды», — деді ол.

Заң мен тәртіпке бағыну, табиғатты аялау және тазалықты сақтау сияқты құндылықтар отбасылық тәрбиеден басталады. Сонымен қатар ол бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, қолайлы орта қалыптастыру — елдің әлеуетін арттырудың басты шарты екенін атап өтті. 

«Біз жасампаз ұлт ретінде тарихи өрлеу дәуіріне сеніммен қадам басып, мақсат-міндеттерімізге қол жеткіземіз. Осылайша, әр шаңырағы бақытты өмір сүретін Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Барша Қазақстан азаматына зор денсаулық, толайым табыс тілеймін», — деді Мемлекет басшысы.