Трамп арнайы өкілі арқылы Тоқаевқа құттықтау хат табыстады

Тоқаев АҚШ президентінің өкілімен кездесті

Трамп арнайы өкілі арқылы Тоқаевқа құттықтау хат табыстады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС саммиті аясында АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Горды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Серджио Гор ең әуелі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында президент Дональд Трамп жолдаған құттықтау хатты табыстады.

Мемлекет басшысы жылы лебізі үшін АҚШ президентіне алғыс айтып, Америка көшбасшысын Қазақстанға сапармен келуге шақыратынын растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-америка стратегиялық серіктестігі қарқынды түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, ықпалдастық аясын одан әрі нығайтудың маңызына тоқталды.

«Қазіргі уақытта Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға дайындалып жүрмін. Бұл екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Өзара тиімді ықпалдастықты ілгерілету жолында сөзден гөрі нақты іске көшкенді жөн көреміз», – деді Қазақстан президенті.

Серджио Гор Қазақстан мен АҚШ көшбасшыларының тығыз әрі өзара сенімге құрылған қарым-қатынасының арқасында екі ел ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті

«Бүгінде мемлекеттеріміздің сауда-экономикалық байланыстары мен ықпалдастығы белсенді өрбіп келеді. Президентіміз Қазақстанмен және Орталық Азиямен серіктестікті күшейтуге айрықша мән береді», – деді арнайы өкіл.

Кездесу барысында бірлескен жұмыстың маңызды бағыттары, әсіресе, жасанды интеллект және цифрлық технология секілді басым салалар қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджио Гор өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін беретін сан қырлы серіктестікті одан әрі кеңейтуге ниетті екендерін растады.