Қандыағашта 188 адам уланған мейрамхананың иесіне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Полиция мәліметінше, күдіктілердің екеуі де өз айыптарын толықтай мойындаған

Фото: © istockphoto.com

Қандыағаш қаласындағы мейрамханалардың бірінде жазда 188 адамның улану фактісі бойынша мейрамхана иесі мен басшысына қатысты қозғалған қылмыстық іс амнистия актісіне сәйкес тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазонға» сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, күдіктілердің екеуі де өз айыптарын толықтай мойындаған. Тергеу жұмыстары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша жүргізілген болатын.

Анықталған мәліметтерге сүйенсек, жаппай улану оқиғасы 18-20 маусым аралығында болған. Мейрамханада өткен тойлар мен садақаларға қатысқан тұрғындар кейін жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі және іш өту белгілерімен медициналық көмекке жүгінген. Барлығы 188 адам дәрігерге қаралса, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 15 бала бар, ал балалар мен жүкті әйелдер Ақтөбедегі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді. Санитариялық тексеру кезінде тамақ өнімдерінен ішек инфекциясын қоздырғыштар мен патогенді флора табылып, тағамды дайындау мен сақтау ережелері сақталмағаны, сондай-ақ қызметкерлердің жеке гигиенаны сақтамай, тиісті медициналық тексерусіз жұмыс істегені анықталды.

Анықталған өрескел бұзушылықтарға және айыпталушылардың айыпты мойындағанына қарамастан, қылмыстық іс рақымшылық (амнистия) қолдану туралы шешімге байланысты тоқтатылды.