Ақтөбеде той кортежін ұйымдастырғандар жауапқа тартылды (ВИДЕО)

Полиция қызметкерлері бейнежазбаға жүргізілген мониторинг барысында кортеж құрамындағы бірнеше жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын анықтады

Ақтөбеде той кортежін ұйымдастырғандар жауапқа тартылды (ВИДЕО)
Фото: ІІМ

Әлеуметтік желілерде Ақтөбе облысында өткен, 90-жылдардағы тойларды еске түсіретін бейнежазба қызу талқылануда. Кадрларда соңғы кезеңнің стилінде безендірілген автокөліктер мен тойдың қарапайым көріністері бейнеленген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дегенмен мерекелік атмосфера жол қауіпсіздігі ережелерін айналып өтуге себеп бола алмайды. Полиция қызметкерлері бейнежазбаға жүргізілген мониторинг барысында кортеж құрамындағы бірнеше жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын анықтады.

Тексеріс барысында жолаушыларды көлік кабинасынан тыс тасымалдау фактілері анықталып, жолаушы тасымалдау ережелерінің бұзылғаны тіркелді. Сонымен қатар жүргізушілер тарапынан тәуліктің жарық уақытында сыртқы жарық беру аспаптары мен дыбыстық сигналдарды негізсіз пайдалану ережелері де сақталмаған.

Тәртіп сақшылары құқық бұзушыларды анықтады. Олардың Қарғалы ауданының тұрғындары екені белгілі болды. Заң талаптарын бұзған азаматтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаменті қандай мерекелік жағдай болмасын, жол қозғалысына қатысушылар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажеттігін ескертті.