Су құбыры желілерін күтіп-ұстауға және дамытуға қаражат салынбағаны анықталды
Солтүстік Қазақстан облысында «Булаев су» ЖШС үлесінің 51 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мағжан Жұмабаев ауданының прокуратурасы 2017 жылғы электрондық аукционның нәтижелерін және «Булаев су» ЖШС жарғылық капиталындағы 51% үлесті сатып алу-сату шарты дұрыс жүргізілмегенін анықтады.
«Сотта прокурор «AUHAL» ЖШС-нің «Булаев су» ЖШС-дегі 51% үлесті сатып алғаннан кейін кәсіпорынның жұмысына мүлдем араласпағанын, су құбыры желілерін күтіп-ұстауға және дамытуға қаражат салмағанын дәлелдеді. Бұл ретте оларды күтіп-ұстау және апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша негізгі шығындар іс жүзінде Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігінің бюджет қаражаты мен ресурстары есебінен жүзеге асырылған. Нәтижесінде Булаево қаласының тұрғындарын сумен қамтамасыз ететін кәсіпорын күрделі қаржылық жағдайға тап болып, оның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша негізгі жүктеме іс жүзінде мемлекетке түскен», – делінген прокуратура хабарламасында.
Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2026 жылғы 21 шілдедегі шешімімен аудан прокурорының талап арызы қанағаттандырылды. 2017 жылғы электрондық аукцион нәтижелері және «Булаев су» ЖШС жарғылық капиталындағы 51% үлесті сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде Булаево қаласының тұрғындарын сумен қамтамасыз ететін мүлік мемлекетке қайтарылды.