Тоқаев Балаеваның жаңа лауазымда қандай іспен шұғылданатынын бекітті

Автор: Асыл Арман

Аида Балаева жуырда Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындаған Аида Балаеваның қандай іспен шұғылданатынын бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жарлыққа қол қойды.

Ақорданың мәліметінше, президент жарлығына сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі мен оның аппараты туралы ереже бекітіліп, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы орынбасарының өкілеттіліктері айқындалды.

Белгілі болғандай, Қауіпсіздік Кеңесі мен оның аппаратына жаһандық сын-қатерлерге, ішкі ахуалдың өзекті аспектілеріне жан-жақты талдау жүргізу міндеті жүктелді.

«Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы орынбасарының құзырына Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының актілері мен тапсырмаларының, Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің, оның ішінде шұғыл отырыстарында қабылданған шешімдердің мүлтіксіз әрі толық орындалуын бақылау, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін арттыру, заң мен тәртіпті сақтау салаларындағы іс-шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру кіреді. Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары ақпараттық және киберқауіпсіздік, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғаныс мәселелерімен айналысады», – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары жоғарыда аталған шараларды іске асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіріп, халықаралық байланыс орнатады, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының қызметін ұйымдастырады.

«Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты өз алдына дербес мемлекеттік орган ретінде президентке тікелей бағынады және есеп береді. Орган ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылау ісін жетілдіру және күшейту, мемлекетті басқарудың орнықтылығын қамтамасыз ету, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы мен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі қызметіне институционалдық тұрғыдан қолдау көрсету және олардың шешімдерін орындау шараларымен айналысады», – деп жазады Ақорда.

Бұл міндеттер Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, халықаралық аренадағы ұлттық мүдделері мен конституциялық жүйенің негіздерін сақтауды көздейді.

Айта кетейік, жуырда Аида Балаева Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған. Осыдан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аида Балаеваны қабылдап, бірқатар тапсырма берді.