«Мені іздемеңдер»: Абай облысында 9 жасар бала әзілдеймін деп полицияны аяғынан тік тұрғызды

Автор: Асыл Арман

Ол ата-анасынан тығыламын деп сол жерде ұйықтап қалған

Фото: Абай облысы ПД

Абай облысының Мақаншы ауданында қызық жағдай болды. Мектеп оқушысы сабағынан шыққаннан кейін ата-анасын әзілдеп қорқытпақ болып, өз үйінің ауласына тығылып, ұйықтап қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, төртінші сынып оқушысы сағат 13:00 шамасында мектепке кеткен. Алайда сабақтан кейін үйіне қайтып келмеген. Анасы ұлын іздей бастаған. Шамамен сағат 20:30-да туыстары «Мама, папа, мені іздемеңдер, бір күні қайтып келемін» деген жазбаны тауып алған.

Осыдан кейін олар полицияға хабарласқан. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірнеше топқа бөлініп, аулалар мен оған іргелес аумақтарды тексере бастаған.

Шамамен 10 минуттан кейін 9 жастағы бала өз үйінің ауласындағы қора аумағынан өзі шыққан. Белгілі болғандай, ол мектептен кейін үйіне келіп, тығылып қалған да, сол жерде ұйықтап кеткен. Бала полиция көліктерінің сиренасынан оянған.

Тоңып, қорқып қалған бала анасына барып, ата-анасына «пранк» жасағысы келгенін түсіндірген.

Полиция ата-аналарға балаларға мұндай әзілдердің соңы ауыр жағдайларға әкеліп, жақындарының қатты уайымдауына себеп болуы мүмкін екенін түсіндіруге шақырды.